Қазақстанда ішімдікке мас адам серіктесін аяусыз пышақтап, Ресейге қашып кеткен
Оқыс оқиға 2023 жылы Риддер қаласында болған

Қазақстанда ауыр қылмыс жасап, Ресейге қашып кеткен күдікті экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас прокуратураның мәліметінше, ол 2023 жылы Риддер қаласында ішімдік ішіп отырып, серіктесімен жанжалдасып қалып, сол жерде бәкісімен бірнеше жерінен пышақтап кеткен. Жылдам көрсетілген медициналық көмекке байланысты жәбірленуші құтқарылды.
«Сот үкімімен ол бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталып, алайда өзіне жүктелген міндеттерді орындамай, қылмыстық жазасын өтеуден жалтаруына байланысты халықаралық іздеуге жарияланды.
Өткен жылдың қыркүйегінде іздестірудегі Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде ұсталып, кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта сотталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Енді ол екі жылдан астам мерзімге нақты бас бостандығынан айыру жазасын өтеуі керек», - делінген хабарламада.