$ 516.01  582.47  6.26
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жетісу облысында арқанмен өзеннен өтпек болған ер адамды ағыс ағызып әкетті (ВИДЕО)

Ер адамды іздеуге әскери қызметшілер, құтқарушылар жұмылдырылған

Жетісу облысында арқанмен өзеннен өтпек болған ер адамды ағыс ағызып әкетті (ВИДЕО)
Фото: Instagram/taldykorganec.insta_

Жетісу облысында өзеннен арқанға жабысып өтпек болған ер адамды ағыс ағызып әкетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 10 мамыр күні Кербұлақ ауданындағы Көксу өзенінде болды. Ер адамның 1989 жылы туғаны белгілі.

Оқыс жағдайға қатысты облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді. Ер адамды іздеуге әскери қызметшілер, құтқарушылар жұмылдырылған.

«Н» азаматының жоғалып кету фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол тартылған кабель арқылы өтпек болған кезде өзенге құлап кеткен және оны ағыс алып кеткен.

Полиция қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің, құтқарушылардың, өзге де ведомстволар мен бейбіт тұрғындардың қатысуымен ауқымды іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Іздеу жұмысы жалғасып жатыр», - делінген Жетісу облыстық Полиция департаментінің түсініктемесінде.

Оқиғаға қатысты облыстық Төтенше жағдайлар департаменті де түсініктеме берді.

«10 мамыр күні сағат 15:15 шамасында Жетісу облысы Кербұлақ ауданына қарасты Көксу ауылының маңында 1989 жылы туған азаматты іздестіру жұмыстары басталды. Ол шамамен сағат 14:00-де темір арқан арқылы өзеннен өтпек болған кезінде Көксу өзеніне құлап, ағыс алып кеткен.

11 мамыр күні таңғы сағат 06:30-дан бастап ауқымды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Оған ТЖД қызметкерлері, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар, полиция, әскери полиция және Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері жұмылдырылды. Барлығы 98 адам және 22 бірлік техника, соның ішінде жүзу құралдары, дрондар мен спутниктік байланыс тартылды.

Іздестіру жұмыстары Көксу өзенінің екі жағалауы бойынша (оң жағалау бойынша 4, сол жағалау бойынша 4 топ) 35 шақырымға дейінгі аумақта жүргізілді. Сағат 18:30-да, қараңғылық түсуіне байланысты, жұмыстар уақытша тоқтатылды. Іздестіру 12 мамыр күні жалғасатын болады», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары