$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.06.2020, 17:35
Жаңалықтар

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жер сатылмайды - вице-министр

Сонымен қатар ұлттық парктегі жер телімдері өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жер сатылмайды - вице-министр
Фото: Facebook.com

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі жерлер сатылмайды және өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Құрметті қазақстандықтар! Өздеріңізге белгілі, Алматы жұртшылығы Іле Алатауы ұлттық паркінде эко-туризмді дамытуға қатысты мəселе көтерген еді. Атап өтсем, 2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде шетелдік, оның ішінде АҚШ-тың табысты тəжірибесі негізінде ұлттық паркті дамытудың бас жоспары жасалды. Осыған орай, өз мойнына ұлттық парктің инфрақұрылымын қоршаған ортаға зиян келтірмей дамыту міндетін алған жауапты қазақстандық инвестор анықталды. Бірден назар салатын жәйт, Ұлттық парктегі жерлер сатылмайды! Өзге елдің азаматтары мен шетелдік компанияларға пайдалануға берілмейді! Оған Қазақстан Республикасының заңы бойынша тыйым салынған!», - деп жазды вице-министр.

Ол ұлттық парктердің қазіргі жағдайын түбірімен өзгертпесе болмайтынын атап өтті.

«Бірінші орында адам мен табиғаттың байланысы тұруы тиіс. Тиісінше, жолдарды, көру алаңдарын, өзен үстіндегі көпірлерді, табиғи үндестікті бұзбайтын шағын нысандарды салу керек. Осының бəрін жолға қоятын қазақстандық инвесторға жалға небәрі 35 га жер учаскелері пайдалануға берілді. Инвестормен кезең-кезеңмен 10 заманауи визит-орталықтар салу, 155 км астам жаяу маршруттар жайластыру және тағы басқа жұмыстарды жоспарлануда. Жоба аралас салаларда жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің дамуын және туризм саласындағы жоғары білікті кадрлардың өсуін қамтамасыз етеді», - деді Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша инвестор барлық жұмыстарды қоршаған ортаға зиян келтірмей іске асырады, ал тұрғызылатын құрылымдар заманауи экологиялық материалдардан әзірленеді.

Айта кетерлігі, ұлттық парк бұрынғыдай кез-келген қазақстандық үшін қолжетімді болып қала береді. Ешқандай қоршаулар болмайды. 

«Осы апта бойы Алматы жұртшылығымен, белсенділермен, журналистермен кездестік. Халықтың барлық талап-тілегі ескеріледі. Нəтижесінде Ұлттық парк жанында Қоғамдық кеңес құратын болып шештік. Инвестордың барлық жұмыстарды сапалы түрде орындауын біз халықпен бірге қадағалайтын боламыз. Табиғатқа ешқандай залал келмейді. Ол қатаң түрде қадағаланады», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары