Өскеменде өрттен 14 адам құтқарылды: пәтер иесі газдан уланды
Өрттің жалпы аумағы 20 шаршы метрді құраған

Өскемен қаласындағы Потанин көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде өрт шықты. Қалың түтін бірден бүкіл кіреберісті басып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
«Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 20 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 14 тұрғын, соның ішінде балалар арнайы тыныс алу құралдары – құтқару қалпақтарының көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Бұл құрылғылар адамдарды түтін мен улы газдан қорғауға мүмкіндік берді», — делінген хабарламада.
Өрттің жалпы аумағы 20 шаршы метрді құраған. Мамандар жалынның басқа пәтерлерге таралуына жол бермей, отты дер кезінде ауыздықтады. Өрт шыққан пәтердің иесі көмірқышқыл газынан уланып, оған оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.