Қорғаныс министрлігінің қызметтері мобильді қосымшада қолжетімді болады
Жыл соңына дейін қазақстандықтар үйден шықпай-ақ әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлікті ресімдей алады
Жыл соңына дейін Қорғаныс министрлігі құрамалымдық бөлімшелері көрсететін мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі халыққа eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қолжетімді болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру шеңберінде Қорғаныс министрлігімен 2019 жылы халыққа көрсетілетін 14 мемлекеттік қызметтің 13-і электрондық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін қазақстандықтар үйден шықпай-ақ, смартфон арқылы әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу туралы куәлікті, запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға арналған әскери билеттерді немесе олардың дубликаттарын ресімдей алады деп күтілуде. Сонымен қатар, жылдам әрі қауіпсіз түрде әскери қызмет өткергенін растау туралы, азаматтың әскери қызметке қатысы туралы анықтамаларды, сондай-ақ жеңілдік санаттарындағы азаматтарға анықтамалар алуға болады», - деп жазылған хабарламада.
Тізімге сондай-ақ азаматтарды әскери-техникалық және басқа да әскери мамандықтар бойынша даярлау, әскери міндеттілер мен шақырылушыларды әскери есепке қою немесе одан шығару, сонымен қатар Қарулы Күштердің қызметтік тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілерін есепке қою жөніндегі қызметтер кіреді.