Атырау облысында «Ақжайық» қорығы маңында дала өрті тұтанды
Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр

Атырау облысында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының шекарасына жақын маңда дала өрті шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт 4 мамыр күні таңғы сағат 8:30 шамасында тіркелген. Өрт ошағы Тасқала елді мекенінен 2–3 шақырым қашықтықта орналасқан.
Тілсіз жауды сөндіруге «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының және Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылды.
«Ақжайық» резерваты тарапынан 32 адам, 2 трактор, 2 соқа, 4 өрт сөндіру модулі (МЛПК), 1 УАЗ, 2 «Нива», 2 пикап, 1 КАМАЗ автосорғы және 2 дрон жұмылдырылды. Сонымен қатар, ТЖД тарапынан 40 адам, 5 өрт сөндіру көлігі (АЦ), 2 вахталық «КамАЗ», 4 «Триколор» техникасы тартылды», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Резерват аумағына таралу қаупінің алдын алу мақсатында барынша күш салынуда.