Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік – Елдік дастаны» республикалық айтысы өтті
Сарыарқа өнерпаздары Астана құрамасын бір ұпай айырмасымен жеңді

Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ерлік – Елдік дастаны» республикалық командалық айтысының алғашқы жартылай финалында Қарағанды облысының құрамасы Астана командасынан сәл ғана басым түсіп, финалға жолдама алды. Елорда төріндегі Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония залына жиналған қауымды 4 сағатқа жуық әлдилеген дәстүрлі ән, жыр, терме, күй, айтысқа толы рухани мерекеге айналды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айтысты елімізге белгілі суырыпсалма сөз зергері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай тізгіндеді. Дәстүрлі жыр мен күйдің, ән мен терменің, айтыстың теңізін кешкен думанды дода «AMANAT» партиясының қолдауымен өтті. Ал жалпы кешті ұйымдастыру жауапкершілігін Астана қаласының әкімдігі өз мойнына алды.
Қазылар алқасының құрамында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман; ақын, ҚР Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай; ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан; күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай; Қазақстанның халық әртісі, ұлттық вокал мектебінің көрнекті өкілі Рамазан Стамғазиев; көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қалқаман Сарин; ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі және эстрадалық бағытта өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі. Ақан Әбдуәлі болды.
Қос тарап та халық алдында өз өнерін аянбай ортаға салып, кештің көркін қыздыра түсті. Қарағанды облысының құрамасын Айтбай Жұмағұл бастап келсе, ал команданы сахнада Жанарыс Тілеубек таныстырды. Бұл командада сүре айтысқа Тілеген Әділов, түре айтысқа Мақсат Аханов, өтірік өлеңге Нұрмұхаммед Байсүгір, қайым айтысқа Дидар Қами қатысты. Дәстүрлі ән жанрын Сержан Мұсайын, терме бөлімін Дәуренбек Әркенов, жыр аталымын Қазыбек Әдікей орындаса, күй тармағында Балқан Смағұлов өнер көрсетті.
Астана қаласының құрамасына Серікзат Дүйсенғазы жетекшілік етті. Ал таныстыру сөзін Дінмұхаммед Боранбай айтты. Бұл ұжымда сүре айтысқа Мұхтар Қонарбаев, түре айтысқа Иранғайып Күзембаев, өтірік өлеңге Нартай Тілеуқұл, қайым айтысқа Еркебұлан Қайназаров қатысты. Дәстүрлі әнді Клара Төленбаева, термені Гүлмира Сарина, жырды Ерболат Шалдыбеков орындады, ал күйдің кезегі келгенде, Бақытжан Дүйсенғазиев өнер көрсетті.
Былтыр наурыз айында алғаш рет басталған командалық айтыс бірден айтыссүйер қауымның ықыласын оятып, ел ішіндегі өнер мектептеріне тың серпін берген еді. Сол жолы «жыр аламанына» қатысқан жиырма ұжым биыл толық құрамда екінші маусымға келді. Іріктеу кезеңінен кейін он команда қалды. Ал олардың ішінен төрт команда – Астана, Қарағанды, Түркістан және Ақтөбе облысы жартылай финалға жолдама алды. 2 мамырдағы бәсекеде Астана мен Қарағанды құрамасын жұптасты. Сөйтіп 1 ғана ұпай айырмасымен Қарағанды облысынан келген өнерпаздар жыр бәйгесінде оза шапты. Ал ертең, 3 мамырда, екінші жартылай финалда Түркістан мен Ақтөбе облысының өнерпаздары өзара шеберлік сынаспақ.
Жеңімпаз командаға жолдаманы тапсырған «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Бөлтірікұлы Жаулыбаев:
«Бүгін ерке Есілдің бойында, бағаналы орда төрінде аламан айтыс өтті. Командалық айтыс – өздеріңізге жақсы таныс. Бұл – AMANAT партиясының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан мега-жоба. Былтыр наурыз айында басталып еді, енді міне, жартылай финал кезеңі басталды. Дүбірлі додада бүгін Астана қаласы мен Қарағанды облысының командалары бақ сынасты. Бекзат өнердің мейманасы тасыды. Жырдың жалауы желбіреп, күйдің күмбірі естілді. Дәстүрлі әннің дауысы шығандап, текті терме төрге озды. Айтыс «Ерлік – елдік дастаны» деген атпен Жеңістің 80 жылдық мерейтойына арналды. Ақындар Отан үшін отқа түскен ата-бабамыздың ерлікке толы ғұмыр жолын жырлап, бүгінгі бейбіт күннің қадірін сұлу сөзбен жеткізді. Сақи дала – Сарыарқаның төсін дүбірлеткен қос команда көмбеге бірдей шауып жетті. Бірі озып, бірі қалған жоқ. Десе де, ереже бойынша біреуі ғана ақтық кезеңге өтуге тиіс. Ұлт руханиятының абызы Жүрсін Ерман ағамыз бастаған қазылар алқасының шешімімен Қарағанды облысы командасы финалға жолдама алды. Құтты болсын! Аталы сөздің мерейі асып, өнеріміз өрге жүзе берсін!» – деді.
Ұлттық өнердің төрт тағанын бір сахнаға сыйдырған «Ерлік – Елдік дастаны» айтысы биылғы Жеңіс мерейтойын поэзия қуатымен өрнектеп, ел рухын биіктеткен мазмұнды мерекеге айналды.
Айтыс соңында барлық команда жетекшісі мен ақындарына 500 мың, ал өнерпаздарға 250 мың теңге табыс етілді.