Елімізде бес жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе артты
Сондай-ақ мектеп инфрақұрылымы жаңартылып жатыр

Қазақстанда орта білім беру жүйесі ауқымды трансформация кезеңін бастан өткеруде. Жаңа білім стандарттары енгізіліп, мектеп инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Мұғалімдер үшін кәсіби өсуге, әдістемелік қолдауға және лайықты жалақы алуға жаңа мүмкіндіктер ашылуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2024–2025 жаңа оқу жылының басында Қазақстанда 8 мыңға жуық мектеп жұмыс істеп тұр. Оларда 3,9 миллионнан астам оқушы білім алуда, оның ішінде 352 мың бала – бірінші сынып оқушылары. Ал мұғалімдер саны биыл 406 мыңға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға артты», — делінген хабарламада.
Үкіметтің мәліметінше, соңғы бес жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе өскен. 2020 жылдан бері педагогтердің еңбекақысы 100 пайызға артты. Сонымен қатар, біліктілік санаты, еңбек өтілі, жұмыс жағдайы, тәлімгерлік пен ғылыми дәрежесі үшін қосымша үстемақылар төленеді. Бұл тізімге балабақша тәрбиешілері мен колледж оқытушылары да кіреді. Ауылдық жерлердегі мұғалімдер қалалық әріптестерінен кемінде 25% жоғары жалақы алады.
2025 жылы 11 мыңнан астам мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Олардың 58 пайызын ауыл мұғалімдері құрайды. 1 қаңтардан бастап «Ұстаз» атты жаңа цифрлық платформа іске қосылды. Бұл жүйе мұғалімдердің аттестациясын ашық әрі әділ өткізуге, сонымен бірге үздіксіз кәсіби дамуға жағдай жасауға бағытталған. Жыл соңына дейін бұл жүйе арқылы 150 мыңға жуық педагог өтуі жоспарланып отыр.
«Мектептер заманауи оқыту әдістеріне көшіп жатыр. Білім беру процесіне үштілділік, инклюзивті білім беру және жаңа бағалау үлгілері енгізілуде. Цифрландыру жұмыстары да белсенді жүргізілуде: 1 757 мектеп STARLINK спутниктік жүйесі арқылы интернетке қосылды, ал оқулықтар 11 онлайн платформада қолжетімді болып отыр», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстан – Орталық Азияда мектеп оқушыларының білімін бағалау жүйесі (МОДО) бойынша халықаралық аккредитациядан өткен алғашқы ел. Бұл жүйе оқу бағдарламалары мен оқушылардың оқу сауаттылығы, математикалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша дайындығын халықаралық стандарттарға сай бағалауға мүмкіндік береді.
Президент бастамасымен елдегі барлық білім беру ұйымдарында «Адал Азамат» атты бірыңғай тәрбиелік бағдарлама енгізілуде. 2025 жылдан бастап оған жекеменшік мектептер қосылады, ал 2026 жылдан бастап бағдарлама бүкіл ел бойынша кең көлемде енгізіледі. Оның аясында мектептерде ата-аналарға қолдау көрсету орталықтары мен өңірлік психологиялық көмек орталықтары ашылады.