Алматыда бір айда 800-ден астам адам ереже бұзғаны үшін мопедінен айырылды
Олардың бір бөлігі мопедін әлі заңдастырмаған

Алматыда 5 сәуірден бастап мопед жүргізушілері бір айға жуық уақыт ішінде 2600-ден астам жол ережесін бұзғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
800-ден астам мотокөлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Жергілікті полиция қызметінің күшейтілген патрульдік полиция жасақтары қала көшелерінде тіркеусіз, сақтандырусыз және жүргізуші куәлігінсіз мопед жүргізу деректерін күн сайын тіркеуде.
«Мопедтерді пайдалануға қойылатын жаңа талаптар күшіне енген сәттен бастап біз оң динамикаға куә болдық: құжаттарын рәсімдеп, тіркеп жатқан азаматтар көбейіп келеді. Дегенмен, заңды елемейтіндер әлі де бар. Азаматтарды мотокөліктерін дер кезінде заңдастыруға шақырамыз. Бұл тек заң талабы ғана емес, сонымен қатар жеке қауіпсіздік мәселесі. Тіркеу жалғасуда және әркім өз мопедін қолданыстағы ережелерге сәйкес келтіруге мүмкіндігі бар», - деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Мемлекет басшысы бекіткен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушылар арасында тәртіпті жақсартуға және автокөліктердің қатысуымен болатын жазатайым оқиғаларды азайтуға бағытталған мақсатты профилактикалық іс-шараларды жалғастырады.