$ 510.59  578.91  6.37
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев: Жұрт болып жұмыла білсек, биік белестерді бағындырамыз

Президент азаматтарды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады 

Тоқаев: Жұрт болып жұмыла білсек, биік белестерді бағындырамыз
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтап, баршаға бақ-береке тіледі. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .

«Құрметті отандастар! Қазақстан халқының бірлігі мерекесі құтты болсын! Бұл – мемлекетіміз үшін айрықша мәні бар мейрам. Жұртымыз ортақ құндылықтарға негізделген жасампаз мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін жұмылдырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Кең байтақ жерімізде түрлі этнос өкілдері өзара келісімде, тату-тәтті өмір сүріп жатыр», — деп жазылған құттықтауда.

Президент биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтті.

«Осы бірегей ұйым әуел бастан еліміздегі бейбітшілік пен татулықтың жаршысына айналды. Ассамблея азаматтарымыздың өзара құрметі мен ырысты ынтымағына сүйеніп, ұлтты ұйыстыруға елеулі үлес қосып келеді. Халқымыздың ауызбіршілігі мен тілеулeстігінің арқасында мемлекетіміз дамып, қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асырыла береді. Еліміз теңдікке, өзара сенімге және мәдени әралуандылықтың жасампаз әлеуетіне арқа сүйеп, ел бірлігін одан әрі нығайта түседі. Біз жұрт болып жұмыла білсек, кез-келген сынақты еңсеріп, биік белестерді бағындырамыз. Ұлтымыздың арман-мұраты – Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Бірлігіміз бекем, аспанымыз ашық болсын!», — деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары