Шымкентте азаматтық некедегі әйелін пышақтап өлтірген ер адам 10 жылға сотталды
Олар ішімдік ішіп отырған кезде жанжалдасқан

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) айыпталған К.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушы 2025 жылдың қаңтар айында өзінің Шымкент қаласының Еңбекші ауданында орналасқан үйінде азаматтық некедегі әйелімен спирттік ішімдік ішіп, екеуінің арасында жанжал шыққан. Сотталушы үстелдің үстінде тұрған ас үй пышағын алып, жәбірленушінің жүрегіне бірнеше рет соққы жасаған.
Нәтижесінде жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған.
«Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі прокурордың ұстанымымен келісті. Сотталушы кінәсін мойындап, өзіне жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот, сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотты болмағанын ескерген, ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот, К.-ны ҚК-тің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген қалалық сот хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.