АҚШ-тан пошта арқылы есірткі жеткізбек болған қазақстандық 16 жылға сотталып кетті
Қазақстанда АҚШ-тан келген есірткі контрабандасының арнасы тоқтатылды
АҚШ-тан пошта арқылы ірі көлемде есірткі жеткізбек болған қазақстандық 16 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, Қазақстан аумағына есірткі заттарын, оның ішінде халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы әкелуге жол бермеуге арналған алдын алу шаралары жүріп жатыр.
Нәтижесінде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында АҚШ-тан ҚР азаматтарының атына халықаралық почта жөнелтімдері арқылы тұрмыстық өнім ретінде жасырылған есірткі заттары түскені анықталды.
«Қазпошта» АҚ Кедендік бақылау аймағында Астана қаласында 1,2 кг гашиш майы тәркіленді. Сонымен қатар, айыпталушының тұрғылықты жерін тінту кезінде Алматыда 4,38 грамм оралған мефедрон табылды.
«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды контрабандаға және өткізуге кінәлі деп таныды. Оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген прокуратура хабарламасында.