$ 513.74  569.17  6.33
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстауда мектеп оқушыларының улануы: асхана иесі сотталып кетті

Асханадан ас ішкен 182 мектеп оқушысы зардап шекті

Маңғыстауда мектеп оқушыларының улануы: асхана иесі сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысында Мұнайлы соты өткен жылдың қыркүйек айында мектеп асханасында балалардың жаппай улануына қатысты іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Асханадан ас ішкен 182 мектеп оқушысы зардап шекті.

Мектепті азық-түлікпен қамтамасыз еткен жеке кәсіпкер санитарлық талаптарды бұзғаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды.

«Ол қоғамдық тамақтандыру саласында қызмет ете отырып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзып, мектеп асханасында 182 оқушының жаппай улануына әкеп соқты», - делінген сотта.

Сотталушы мен оның өкілдері кінәсін мойындамай, толық ақтауды талап етті. Мемлекеттік айыптаушы оны екі жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Сотталушының кінәсі сараптамалық қорытындылармен, қылмыс болған жерді қараумен, беттестіру хаттамаларымен, куәлардың, жәбірленушілердің айғақтарымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді. Сот соттылығының болмауын жеңілдететін мән-жай ретінде қарады. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», - делінген сот құжаттарында.

Сот кәсіпкерді санитарлық нормаларды бұзғаны үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сондай-ақ ол үш жылға қоғамдық тамақтандыру саласында кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айырылды. Сонымен қатар, сотталған әйел іске қатысты 22 жәбірленушіге 3 750 000 теңге төлеуі тиіс.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 6 қыркүйек күні кешке қарай Мұнайлы ауданындағы №8 мектептің оқушыларынан жедел жәрдемге қоңыраулар түскен. Балалар ішінің ауырсынуына, дене қызуының көтерілуіне шағымданды.

Серіктес жаңалықтары