Петропавлда нотариус кеңсесіне қарақшылық шауыл жасалды
Бір қалада ұрлық жасаған адам екінші қаладан ұсталған
Петропавлда нотариус кеңесесіне қарақшылық шабуыл жасалды. Қарақшы Қарағанды қаласына қашып кеткен жерінен тәртіп сақшыларының құрығына түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2 маусым күні Петропавл қалалық полиция бөліміне Жамбыл көшесінің бойында орналасқан нотариус кеңселерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалғандығы жайында хабар түсті. Жапа шегушінің айтуынша, бетперде киген ер адам оны пышақпен қорқытып алтын бұйымдары мен ақшасын иеленіп, белгісіз бағытта қашып кеткен. СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаровтың хабарлауынша, қарақшылық фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 1-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне алынды.
«Аталған қылмысты ашу үшін қалалық Полиция бөлімінің жеке құрамы түгел тартылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қылмыс жасалған аудандағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, пәтер бюролары, жалға тапсырылған пәтерлер мен саяжай массивтері тексерілді. Жедел уәкілдерде бірден қылмысты «гастролерлердің» бірі жасады деген болжам болды. Қорытындысында сол күні-ақ қарақшының жеке басы анықталды: мүліктік қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болған Көкшетау қаласының 1996 жылғы тумасы. Еліміздің басқа аумақтарындағы полицияға күдіктінің бағдары берілген. Петропавлдағы нотариустың кеңсесіне шабуыл жасаған іздеудегі күдікті Қарағанды аумағында да қарақшылық жасап, ұсталғандығы жөнінде Қарағанды қаласынан ақпарат келіп түсті», - дейді Руслан Назаров.
Қазіргі уақытта Қарағанды қалалық Полиция басқармасына беру үшін қылмыстық істің материалдары дайындалып жатыр.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО