Бес мың доллар айыппұл мен депортация: Сауд Арабиясында қажылыққа қатысты жаңа ережелер шықты
10 жылға дейін елге кіруге де тыйым салынбақ

Сауд Арабиясы 29 сәуірден бастап қажылық маусымы кезінде белгіленген ережелерді сақтамайтын қажыларға үлкен айыппұлдар салады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа ережелерге сәйкес, тиісті ережелерді сақтамайтын қажылар шамамен 5 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл алып, сондай-ақ оларға елге кіруге 10 жыл тыйым салады.
Жаңа шаралар 44 күн ішінде күшіне енеді. Осы кезеңде Меккеге және қасиетті жерлерге ресми қажылық рұқсатынсыз кіруге тырысатын адамдар ауыр жазаға тартылады.
Құқық бұзушылар үшін айыппұл мөлшері 20 мың Сауд риалына жетуі мүмкін. Сонымен қатар, қажыларға туристік визалар бойынша қажылық жасауға көмектесетін адамдарға 100 мың риалға дейін айыппұл салынады (шамамен 26 мың АҚШ доллары).
Рұқсатсыз қажылық жасамақ болған шетелдік қажылар жер аударылады, содан кейін Сауд Арабиясына кіруге 10 жылдық тыйым салынады.
Билік сонымен қатар қажылық жасау мақсатында туристік виза иелерін тасымалдау үшін пайдаланылатын көлік құралдары сот шешімімен тәркіленетінін ескертеді.