Ақтөбеде мас күйінде рульге қайта отырған жүргізуші ұсталды
Ол осыған дейін де жүргізуші куәлігінен айырылған

Ақтөбе облысында мас күйінде рульге қайта отырған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Патрульдік полиция қызметкерлері К.Нокин даңғылында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін «Лада гранта» маркілі автокөлікті тоқтатқан.
Тексеру барысында 28 жастағы жүргізуші бұрын жеті жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйінде көлік құралын басқарғаны анықталды. Медициналық куәландыру нәтижелері мас болу фактісін растады.
«Бұл факті бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды, бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті еске салады: мас күйінде көлік құралын басқару — жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ең ауыр құқық бұзушылықтардың бірі», - делінген ПД хабарламасында.