Астанада велосипед теуіп жүрген жігітті қолын қайырып алып кетті: полиция түсініктеме берді (ВИДЕО)
Қалалық ПД мәліметінше, велосипедші полицейдің талабына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылды

Астанада велосипед теуіп жүрген жігітті полиция қызметкерлері қолын қайырып алып кетті. Оқиғаға қатысты қалалық Полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық ПД мәліметінше, велосипедші полицейдің талабына бағынбағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде жаяу жүргіншілерге арналған көпірде велосипедпен жүрген ер адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтіріп жатқанын байқаған.
«Полиция қызметкері аталған жерде велосипедпен жүруге тыйым салынғаны туралы сыпайы түрде түсіндіріп, ескерту жасаған. Алайда ол құлақ аспай өзін дөрекі ұстап, заң талаптарына бағынғысы келмеген. Осыған байланысты полицейлер оны полиция бөлімшесіне жеткізді.
Полиция департаменті заң бәріне ортақ екенін, оны сақтау – әр азаматтың міндеті болып саналатынын естеріңізге салады. Қазіргі уақытта қызметтік тексеру тағайындалды, оның қорытындысы бойынша барлық қатысушының іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», - делінген қалалық ПД хабарламасында.