$ 506.21  568.42  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Енді мектеп асханаларына тексеріс туралы алдын ала ескертілмейді

Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улануы мемлекеттік бақылау тәсілдерін өзгертудің қажеттілігін көрсетті

Енді мектеп асханаларына тексеріс туралы алдын ала ескертілмейді
Фото: © istockphoto.com

Қазақстан мектептеріндегі асханалар енді тексеріс алдында алдын ала ескертілмейтін болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улану жағдайы мектеп оқушыларының тамақтануын ұйымдастыруда мемлекеттік бақылау тәсілдерін өзгертудің қажеттілігін көрсетті. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі білім беру объектілеріне мемлекеттік бақылаудың жаңа тәсілдерін әзірледі. Олар балалардың болуымен байланысты нысандарға ерекше мәртебе беру, тексеріс туралы алдын ала хабарлауды алып тастау және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестендіру үшін мониторингтік тексерулер енгізуді көздейді», – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, қолданыстағы нормалар мемлекеттік органдарға балалар болатын барлық нысандарды толық қамтитын бақылау жүргізуге мүмкіндік бермейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Маңғыстау облысында мектеп асханаларындағы балалардың жаппай улану фактілері бойынша санитарлық талаптардың сақталуын тексеру үшін Денсаулық сақтау министрлігі Бас прокуратурамен келісім бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізуде. Барлығы 72 нысан анықталып, қазіргі таңда 14 мектептің асханасы тексерілді.

Балалардың улану жағдайларын тергеу және мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі органдардың өкілдері қатысқан арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Денсаулық сақтау министрлігі, Білім беру министрлігі, Бас прокуратура және өңірлердің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мамандары енгізілген.

Серіктес жаңалықтары