Астана соты сериалдағы актердің балағат сөзі туралы іс бойынша шешім шығарды
Сот отырысында айыпталушы тек актер ретінде рөл ойнағанын, ешкімді қорламағанын айтты

24 сәуірде Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша Б. есімді азаматқа қатысты іс түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалына сәйкес, 2025 жылғы 23 наурызда Б. Youtube желісінде «Ганюшкино департаменті» сериалының бейнеролигін жариялаған. Видеода Б. басқа кейіпкермен диалог барысында балағат сөздер қолданған.
Сотта Б. өз кінәсін мойындамады. Ол түсіндіргендей, аталған әрекет сериалдың сценарийіне сәйкес жасалған, онда барлық сөздер алдын ала жазылып, актерлер сол мәтінді қайталаған. Бейнеролик 2024 жылдың желтоқсанында Алматы қаласында бірнеше қысқа бейнеден жинақталып, монтаждалған.
Сот отырысында Б.-ның бейнежобада тек актер ретінде рөл ойнағаны, диалогтағы балағат сөздер оның жеке пікірін білдірмейтіні және ешкімді қорлау немесе қоғамдық тәртіпті бұзу мақсаты болмағаны анықталды.
Осыған байланысты сот Б.-ның әрекеттерінде құқық бұзушылық құрамының жоқ екенін мойындап, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Елдос Жұмақсанов осындай шешім шығарды.