Қазақстанның бес қаласында ауа сапасы нашарлайды
Бұл қалаларда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр

26 сәуір күні Қазақстанның бес қаласында ауа сапасының нашарлауына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» мамандарына сілтеме жасап.
Метеорологтардың мәліметінше, Балқаш, Өскемен, Атырау, Ақтөбе және Алматы қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз не? Бұл – желдің баяу болуы, тұман, инверсия секілді қысқа мерзімді табиғи құбылыстардың үйлесуі салдарынан ауадағы зиянды заттардың шоғырлануы. Мұндай кезде елдімекендерде атмосфералық ауаның сапасы нашарлап, тұрғындар денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Мамандар осындай күндері мүмкіндігінше сыртта ұзақ жүрмеуге және ауа сапасын қадағалап отыруға кеңес береді.