Алматыда күн сайын миллионнан астам көлік жүріп-тұрады: полиция азаматтарға өтініш айтты
Полицейлер жолда сақ болуға, асықпауға шақырды

Алматы полициясы азаматтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігі ведомстволық сайтының мәліметінше қалада тіркелген және басқа аймақтардан келетін миллионнан астам көлік күн сайын жолға шығады.
"Қауіпсіз жол" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы қаласының полицейлері жол апатын азайтуға және жолдардағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр.
«Жол қозғалысы ережесін сақтау – өзіңіздің, жолаушылардың, жаяу жүргіншілердің, басқа да жүргізушілердің өміріне деген құрмет. Жылдамдықты арттыру, бағдаршамның қызыл белгісінен өту, абайсызда жасалған маневр қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін», - дейді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
Полицейлер жолда сақ болуға, асықпауға шақырды.
«Өтініш, асықпаңыздар, арақашықтықты сақтаңыздар, бір-біріңізді сыйлаңыз. Біздің қала ең қауіпсіз қала болсын. Балалар жүргізушінің тоқтайтынын біліп, сенімді түрде жолдан өтсін. Үйден шыққан әрбір адам қайтып келетініне сенімді болсын. Ережені сақтаңыз! Өзіңізге және басқаларға қамқор болыңыз», - дейді полиция қызметкерлері.