$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында үш айдың ішінде 1 тоннаға жуық есірткі тәркіленді

Есірткіге қатысты 63 адам ұсталды

Алматы облысында үш айдың ішінде 1 тоннаға жуық есірткі тәркіленді
Фото: depositphotos.com

Алматы облысында жыл басынан бері, тек бірінші тоқсанның өзінде заңсыз айналымнан 937 кг 622 грамм есірткі затын тәркіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Ардақ Қайсаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бірінші тоқсанда өңірде есірткіге қатысты 63 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 30-ы қылмыстық іс ретінде тіркелді. Есірткі заттарын сату, сақтау және өсіру фактілері, сондай-ақ интернет арқылы тыйым салынған ақпарат тарату әрекеттері құжатталды. Заңсыз айналымнан 937 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 24,5 кг синтетикалық зат, 4 кг-дан астам қарасора, 8,3 кг гашиш, 242 грамм героин және 900 кг каннабис бар. Сонымен қатар, есірткі өндіруге арналған 4 жасырын зертхана анықталды, олардың бірі синтетикалық есірткі жасауға маманданған», – деді Ардақ Қайсаров.

Спикер алдын алу шараларына да ерекше назар аударылып жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері 171 түрлі іс-шара өткізілді: ақпараттық акциялар, дәрістер, рейдтер, семинарлар, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық бастамалар жүзеге асырылды. Полиция білім беру мекемелерімен, белсенді жастармен, еріктілермен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс істеуде.

«Есірткі нарығының құрылымы үнемі өзгеруде, жаңа синтетикалық заттар мен олардың тарату тәсілдері пайда болуда. Сондықтан тек салдармен күресу жеткіліксіз – ең алдымен оның алдын алуы маңызды», – деп түйіндеді басқарма басшысы.

Серіктес жаңалықтары