Алматыда жедел жәрдем көлігіне жол бермеген жүргізуші әйел жауапқа тартылды (ВИДЕО)
Оқиға 22 сәуір күні сағат 15:30-да Трудовая және Әшімов көшелерінің қиылысында болған

Алматы қаласында жедел жәрдем көлігінің алдына түсіп алып, жол бермеген жүргізуші әйел жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 22 сәуір күні сағат 15:30-да Трудовая және Әшімов көшелерінің қиылысында болған. Toyota көлігінің жүргізушісі жыпылықтайтын шамдары қосылып тұрған жедел жәрдем көлігіне жол бермей, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 598-бабының 1-бөлігінің талаптарын бұзған.
«Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері әйелді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оған қатысты алдын алу, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Алматы қалалық полициясы ескертеді: әсіресе жедел тапсырмаларды орындайтын көліктерге қатысты жүргізу тәртібін сақтау тек заң талабы ғана емес, адам өмірінің мәселесі. Жолдағы өзін-өзі ұстау мәдениеті қаладағы қауіпсіздіктің негізі болып саналады», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.