Алматыда «Warner Bros», «Roborock», «NFT+TRX» қаржы пирамидаларының былығы әшкере болды
Олар жұртты 225 мың теңге салуға көндірген

Алматыда «Warner Bros», «Roborock» және «NFT+TRX» қаржы пирамидаларының былығы әшкере болып, жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларды трейлерлерді көру арқылы жоғары пайда алу деген сылтаумен инвестиция салуға қызықтырған. Жоба 9 деңгейден құралып, орташа салым сомасы 225 мың теңгені құрады, төлемдер тек USDT криптовалютасында қабылданды.
Мысалы, «Warner Bros» жобасы бойынша салымшылар арнайы қосымшаға тіркеліп, криптовалюта арқылы қолжетімділікті сатып алып, трейлерлерді көру үшін және жаңа салымшыларды шақыру үшін «есептелетін» сыйақылар алған.
«Тергеу барысында салымшылардан қаражат жинау және транзит жасау үшін қолданылған криптовалюталық әмияндар анықталды. Соттың санкциясымен 3,8 млн USDT көлемінде криптоактивтерге тыйым салынды.
Құқықтық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.