Ақтаудағы спортшы қыздың ісі: заңсыз рәсімделген несие өтелді ме
Марқұмның отбасы әділдік орнайды деген сенімде

Ақтауда зорлық-зомбылық құрбаны болған спортшы Алина Сериковаға күштеп рәсімделген несие әлі күнге дейін жабылмаған. Бұл туралы марқұмның ағасы Бауыржан Жолжан мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша сот үкімі шыққанына қарамастан, зардап шеккен тарапқа сотталушылардың туыстары тарапынан ешқандай қаражат түспеген.
«Біз барлық қажетті құжаттарды жинап, жеке сот орындаушысына тапсырдық. Ол қаражатты өндіріп алуы тиіс. Бірақ бүгінге дейін бізге ештеңе түскен жоқ. Сотқа дейін күдіктілердің туыстары келіп, несиені жабамыз деп уәде берген еді, бірақ бұл бос сөз болып шықты», – деді Бауыржан Жолжан.
Оның айтуынша, Алина Серикованың банктік шоты жабық, сондықтан айыппұл мен өсімпұл қосылмайды. Дегенмен, отбасы бұл істің әділ шешілуінен үміт үзбейді.
Еске салайық, былтыр мамыр айында Ақтаудағы 19-шағын ауданда Алина Серикова биік үйден құлап қайтыс болды. Алғашында полиция оқиғаны “өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу” деп бағалаған. Алайда кейінірек қыздың ұрланып, күшпен ұсталып, зорлық-зомбылыққа ұшырағаны белгілі болды. Тіпті оның есірткіге мәжбүрлі түрде тартылғаны және несие рәсімдеуге мәжбүр болғаны анықталды.
Басты күдікті сегіз бап бойынша айыпты деп танылып, психотроптық заттарды заңсыз сақтау, адам ұрлау, есірткі қолдануға итермелеу, зорлау, жыныстық сипаттағы күш қолдану, бостандықтан заңсыз айыру, бопсалау және өз-өзіне қол жұмсауға жеткізубаптары бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды.