Қонақтардың улану фактісінен кейін Астанадағы танымал мейрамхана уақытша жабылды
Бұл туралы мекеме иесі хабарлады

Астанадағы танымал қоғамдық тамақтану орны — Koktem мейрамханасы бірнеше қонақтың өзін жайсыз сезінуіне байланысты уақытша жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мекеме иесі Данияр Байтоков әлеуметтік желіде хабарлағандай, бірнеше адам тамақ ішкеннен кейін денсаулықтарына байланысты шағым айтқан. Анықталғандай, олардың көпшілігі бірдей тағам — котлет пен картоп пюресін тұтынған.
«Біз мекеменің жұмысын уақытша тоқтатып, санитарлық күндер жариялау туралы шешім қабылдадық. Бұл – барлық қажетті тексерістерді мұқият өткізіп, әрбір процесс пен әрбір ингредиенттің толық тәртіпте екеніне көз жеткізу үшін жасалған қадам», – делінген мекеме иесінің ресми мәлімдемеде.
Мейрамхана әкімшілігінің мәліметінше, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары мен тәуелсіз сарапшылар бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Зертханалық талдаулар тапсырылып, қорытындылары дүйсенбіге дейін дайын болады деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар мейрамхана өзін жайсыз сезінген әрбір қонақпен жеке жұмыс істеп жатқанын, олардың тапсырысының құны мен ем-дом шығындарын өтеуге дайын екенін мәлімдеді.
«Егер сіз де осындай жағдайға тап болсаңыз — бізге тікелей хабарласыңыз, біз байланыстамыз», – деді мекеме иесі.
Айта кетейік, Koktem мейрамханасының уақытша жабылуы — қауіпсіздік шараларының бір бөлігі. Қазіргі таңда ондағытағамдардың сапасы мен санитарлық талаптарға сәйкестігі тексерілуде. Мекеме өкілдері жағдайға түсіністікпен қарауды сұрап, келушілердің денсаулығы бірінші орында екенін атап өтті.