Жарақат алған балалардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр
Ақмола облысында Павлодардан жарысқа бара жатқан жасөспірім футболшылар мінген шағын автобус апатқа ұшырады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір ересек адам — 1990 жылы туған жаттықтырушы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Жарақат алған балалардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр. 18 сәуір күні сағат 21:50-де Астана – Павлодар автожолының 154-шақырымында орын алған апаттан зардап шеккендер Ерейментау аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Автобуста 16 бала мен бір жаттықтырушы болған.
«Жеті бала ауруханаға жатқызылды. Оның бірі — жансақтау бөліміне түсті. Оны облыстық нейрохирург қарап, симптоматикалық ем тағайындады. Қалған алтауы жеңіл және орташа деңгейдегі жарақаттармен хирургия бөлімінде жатыр. Тағы тоғыз бала жарақат алмаған, олар ауруханада уақытша орналастырылды. Қазіргі таңда төртеуінің ата-анасы келуін күтуде», — делінген басқарма таратқан ақпаратта.
Дәрігерлер жағдайдың тұрақты екенін айтып, барлық қажетті медициналық және ұйымдастырушылық шаралар қолға алынғанын жеткізді. Оқиға облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.
Павлодар облысы әкімдігінің хабарлауынша, оқиға орнына облыстық спорт басқармасының басшысы және құқық қорғау органдарының өкілдері барған. Балаларды Павлодарға жеткізу үшін көлік ұйымдастырылғанымен, ата-аналар оларды өздері алып кетуді шешкен.
Еске салайық, жас футболшылар Павлодардан Астанаға жарысқа бара жатқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші жүк көлігін басып озу кезінде рөлге ие бола алмай, автобус аударылып қалған. Полиция дерегінше, мұндай сапар кезінде автобусқа патрульдік полицияның ілесіп жүруі қажет болған, алайда жеке меншік футбол мектебі бұл жөнінде құқық қорғау органдарына хабарламаған. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.