Ақмола облысында балалар футбол командасы жол апатына түсіп, бір адам көз жұмды
Олар Павлодардан Астанаға жарысқа бара жатқан

Ақмола облысында Павлодардан Астанаға жарысқа бара жатқан балалар футбол командасы жол апатына ұшырады. Жаттықтырушы оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оқиға Астана – Ерейментау тасжолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар мінген шағын автобус жүк көлігін басып озу кезінде аударылып кеткен. Көлік ішінде 14 пен 16 жас аралығындағы 16 жасөспірім болған», — делінген хабарламада.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаттықтырушы оқиға орнында қаза тапқан. Ал барлық жасөспірім түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Полиция мәліметінше, сапарды ұйымдастырған жеке спорт мектебінің басшылығы құқық қорғау органдарына хабар бермеген, сондықтан полиция жолда ілесіп жүрмеген.
«Сапар туралы алдын ала хабар берілмегендіктен, патрульдік көліктермен ілесіп жүру ұйымдастырылмады. Аталған факт бойынша тексеріс жүргізілуде», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Мамандар оқушылардың қауіпсіздігі үшін спорттық жарыстарға сапарлар тиісті түрде үйлестірілуі тиіс екенін ескертуде.