Шетелдік ЖОО-ға грант жеңіп алған оқушыны қатарластары аяусыз ұрған: мектеп басшылығы түсініктеме берді
Жаға ұстатарлық оқиға 11-сынып оқушылары арасында болды

Жаңаөзенде 11-сынып оқушысын әкесімен бірге құрдастарының ұрып-соғу оқиғасы резонанс тудырды. «Білім-инновация» лицейінің әкімшілігі болған жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Білім мекемесінің мәліметінше, түлек пен оның әкесі зардап шеккен оқиға 17 сәуірде мектептен тыс уақытта болған. Ол 11-сынып оқушылары арасында болған. Дегенмен бұл оқиға лицейдің алаңдаушылығын тудырып отыр.
«Оқиға салдарынан бір оқушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп жоқ. Оқушыға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, жан-жақты психологиялық қолдау көрсетіледі. Біз оған тезірек сауығып, аман-есен оралуын тілейміз. Лицей әкімшілігі ата-аналарымен бірлесіп тиісті тәрбие және алдын алу шараларын қабылдады. Оқиғаға қатысы бар оқушылар мектеп есебіне қойылды, олармен жеке жұмыс жүргізіледі. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар оқушылар өз әрекеттерін түсініп, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласты», - деп түсіндірді лицейде.
Лицейде жұртшылықпен ашық диалогқа баруға дайын екендіктерін білдірді.
«Біз ата-аналармен, педагогтармен және қоғаммен бірлесіп ашық және сындарлы диалог орнатуға және осындай жағдайлардың алдын алу үшін бар күшімізді салуға дайынбыз», - деп хабарлады лицейде.
Оқу орнының әкімшілігі жәбірленушінің жағдайына және құқық қорғау органдарының тергеу барысына зиян келтірмеу үшін жалған деректерді таратпауға, сондай-ақ тек ресми ақпарат көздерінен алынған ақпаратқа сенуге шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, Жаңаөзенде шетелдік ЖОО-да оқуға грант жеңіп алған «Білім-инновация» мектебінің 11-сынып оқушысын қатарластары әкесімен бірге аяусыз соққыға жыққан болатын.
Маңғыстау облысының полиция департаменті күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.