Екі мың клиенті бар: Қостанай облысында әлеуметтік желі арқылы есірткі сатқандар ұсталды (ВИДЕО)
Тінту барысында 30 келіден астам марихуана табылды

Қостанай облысында әлеуметтік желі арқылы есірткі таратумен айналысқан арна анықталып, қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдіктілер 2024 жылдың мамырынан бастап «Thс Seller» атауымен Telegram-арнасында интернет-дүкен ұйымдастырып, есірткі заттарын сатқан. Төлемдер қолма-қол ақша және криптовалюта арқылы қабылданған.
Тінту барысында 30 келіден астам марихуана мен гашиш, ұялы телефондар және 5 банк картасы тәркіленді.
Анықталғандай, интернет-дүкеннің 2 мыңнан астам тұтынушысы болған, және 100 миллион теңгеден астам сомаға 5 мыңнан астам есірткі саудасы жүргізілген.
«Қылмыстық жолмен келген табысты жасыру мақсатында күдіктілер Telegram мессенджері арқылы дроптарды – яғни жалған тұлғаларды тартқан. Бұл тұлғалар атына банк карталары рәсімделіп, сол карталар арқылы ірі көлемдегі ақшалай қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Есірткі тасымалы үшін күдіктілер қылмыстық табыстың есебінен 2 автокөлік пен мотоцикл сатып алып, оларды сенімді адамдардың атына тіркеген. Сот санкциясымен бұл көлік құралдарына тыйым салынды.
Күдіктілер екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», - делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.