Шымкентте 7 жасар бала құрылыс шұңқырына құлап қаза болғаннан кейін аудан әкімі жұмысынан қуылды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қала әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланды

Фото: istockphoto.com

Шымкентте 12 сәуірде болған қайғылы оқиғадан кейін Қаратау ауданының әкімі жұмысынан қуылды. Ол күні бірінші сынып оқушысы Тұран шағын ауданында қоршалмаған су толы шұңқырға батып кеткен болатын. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек брифингте айтты. Оның айтуынша, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков осындай шешім қабылдады.

«Аудан әкімі қызметінен босатылды, энергетика басқармасының басшысына қатаң сөгіс, сол сияқты осы саланы қадағалайтын қала әкімінің орынбасарына сөгіс жарияланды», - деп түсіндірді Сәрсен Құранбек.

Құранбек мердігерлердің де жауапкершілікке тартылатынын қадап айтты. «Ақ жол» ЖШС мен «Азия RC» ЖШС басшылығына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, оның қорытындысы бойынша материалдар сотқа жіберіледі.

«Біз өзімізді жауапкершіліктен алмаймыз. Әркім өз міндетін адал атқаруға міндетті», - деп атап өтті әкімдіктің ресми өкілі.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған орында 2019 жылдан бері жалғасып келе жатқан жобаны әзірлеу кезінде, одан кейін жобаны жүзеге асыру кезінде қателіктер жіберілген.

Қазір әкімдіктің мәліметінше, анықталған кемшіліктер жойылуда: қауіпті нысандарды жою және аумақты ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.