Түркістан облысында білім бөлімінің басшысы 800 млн теңге ұрлағаны үшін небәрі 7 жылға сотталды
Ол қарамағындағы қызметкерлері қылмыстық әрекетке барған

Түркістан облысы Келес аудандық соты білім бөлімінің басшысы мен есепшілерді қосқанда 23 адамға үкім оқыды. Облыстық соттың мәліметінше, олар аса ірі көлемде «сеніп сапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен кінәлі деп танылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Ә-ті қосқанда сот сотталушылардың сегізін 7 жылға бас бостандығынан айырып, түрме жазасына кесті.
Олар жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Ал тағы бес сотталушының дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы шартты жазаға ауыстырылды. Сот қалған он сотталушыдың бас бостандығын 3 жылға шектеді.
Сот дерегінше, сотталушылар мемлекетке 812 миллион теңгеден аса залал келтірген. Олар қылмысты 2021 жылдан бастап 2023 жылдың соңына дейін жалғастырған. Қасақана аудандағы мектептерде жұмыс істемеген адамдардың есебіне ақша аударып, бюджет қаржысын иемденіп, жымқырған. Сот тергеуі кезінде айыпталушылар 279 миллион теңені мемлекетке қайтарған. 7 адам тағылған айыпты мойындамай ақтауды сұраған, 16 адам айыпты мойындап өкініш білдірген.
Еске сала кетейік, өткен аптада дәл осы айыппен Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы мен есепшілерін қосқанда 11 адамға сот үкімі шыққан еді. Оларға мемлекетке 547 миллион теңге залал келтірді деген айып тағылған. Айта кетейік, екі сот үкімі де заңды күшіне енген жоқ.