Трамп Гарвард университетіне салық салмақшы
АҚШ басшысы оқу ордасының саяси және идеологиялық бағыт ұстануына алаңдаушылық білдірді

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social платформасында Гарвард университетіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
АҚШ басшысы оқу ордасының саяси және идеологиялық бағыт ұстануына алаңдаушылық білдіріп, оны салық төлеуден босатылған мәртебесінен айыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Гарвард университеті егер саяси, идеологиялық және террористік топтар қолдайтын бағыттарды насихаттауды жалғастыра берсе, салықтан босатылған мәртебеден айырылып, саяси ұйым ретінде салық төлеуі тиіс», - деп жазды Трамп.
Сондай-ақ, ол университеттің салықтық жеңілдіктерін алу шарты — оның қызметінің қоғамдық игілікке бағытталуы екенін еске салды.
Бұл мәлімдеме АҚШ-тағы жоғары оқу орындарының саяси бейтараптығы мен олардың қоғамдық рөлін талқылауға түрткі болды. Гарвард университеті бұл мәселеге қатысты ресми түсініктеме бермегенімен, елдегі бірқатар сарапшы Трамптың пікірін саяси қысым ретінде бағалап отыр.