Дәрігердің жұмбақ өлімі: марқұмның туыстары кінәлілерді жазалауды сұрайды (ВИДЕО)
Олар дәрігердің өліміне медициналық қызметкерлердің немқұрайлылығы себеп болды деп санайды

2025 жылдың 11 қаңтарында Астанадағы ауруханалардың бірінде белгілі комбустиолог-дәрігер Марат Қанжығалин қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне медициналық қызметкерлердің немқұрайлылығы себеп болды деп санайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Марат Қанжығалиннің жесірі Гүлнар Тахмедова видеоүндеу жариялап, оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді. Оның айтуынша, 2024 жылдың 16 желтоқсанында күйеуі инсульт болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізілген. Бірақ жедел жәрдем бөлімі дәрігерлері оны қарап, үйіне жібере салған. Алайда ер адам үйіне оралмаған.
«Ол жан сақтау бөлімінде жатқан кезде ауыр бас-сүйек ми жарақатын алады. Осы жарақаттан кейін күйеуім 26 күн бойы комада жатып, көз жұмды»,– дейді Гүлнар Тахмедова.
Марқұмның жұбайының айтуынша, аурухана қызметкерлері оқиға туралы полицияға хабарламаған, ал қылмыстық іс тек дәрігер қайтыс болғаннан кейін ғана қозғалған. Үш ай ішінде тергеу ілгерілемеген, тергеушілер бірнеше рет ауысып, тек үш медицина қызметкерінен ғана жауап алынған. Сонымен қатар марқұмның туыстары қабылдау бөлімінде орнатылған бейнебақылау камераларының жазбасын көре алмағанын айтты.
«Біз бейнежазбаларды сұратқанда, біресе 10 күн ғана сақталады деді, біресе дәрігерлік құпияға байланысты көрсете алмаймыз деп жауап берді»,– дейді марқұмның жұбайы.
Қанжығалиннің отбасы Бас прокуратураға, Денсаулық сақтау министрлігіне және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінебірнеше рет шағым жолдаған. Алайда, олардың сөзінше, тек формалды жауаптар ғана келген.
Гүлнар Тахмедова аурухана бас дәрігерінің жүздесуден бас тартып жүргенін айтып, қоғамнан көмек сұрады.
«Сіздерден көмек сұраймын. Біз шындықтың ашылуын, кінәлілердің әділ жазаға тартылуын талап етеміз. Бүгін бұл бізге келді, ертең кез келген қазақстандықтың басына түсуі мүмкін. Марат тек хирург емес, спортшы, қамқор әке, сүйікті ата еді. Әділет орнамайынша біз тоқтамаймыз»,– деді ол.
Қазір бұл іс бойынша тергеу жалғасуда. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары ашық тергеу жүргізуді және қоғамдық бақылау орнатуды талап етуде.