Кімдер Дженнифер Лопестің концертіне кіре алмай қалуы мүмкін: билет сатқан компания ескерту жасады
Әлем жұлдызының концертіне кіре алмай қалуыңыз мүмкін

Freedom Ticketon компаниясы Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне билетті басқа сайттардан сатып алудың салдары қандай болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Freedom Ticketon компаниясы қазіргі уақытта жалған және күдікті аккаунттар арқылы билеттерді жаппай сатып алғандарды тексеріп жатыр.
«Өкінішке қарай Джей Ло концертіне билетті OLX сияқты басқа платформаларда бірнеше есе жоғары бағамен қайта сату жағдайлары тіркелді», - деп растады компания.
Қазіргі кезеңде көрермендер соңғы билетті емес, ваучерді сатып алып жатыр.
"Валидация процесі әлі жалғасуда және билет концертке бірнеше күн қалғанда беріледі. Сондықтан үшінші тұлғалардан ваучер сатып алған жағдайда үлкен тәуекелге баруға тура келеді – іс-шараға мүлдем кіре алмай қалуыңыз мүмкін", - деп ескертті компания.
Компания Дженнифер Лопестің тыңдармандарынан оның Астанадағы концертіне жарамсыз билетті сатып алмау үшін Ticketon ресми сайтынан басқа жерден билет алмауға шақырды.
«Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін Freedom Ticketon командасы қосымша билеттер санын ресми сатылымға шығарады. ticketon.kz сайтын және Astana Concert ресми парақшаларын бақылап отырыңыз», - деп толықтырды компания.
Әлемге әйгілі әншінің гастрольдік сапары әлемнің 17 қаласында өтеді. Астана әлемдік турне тізіміне енген Орталық Азиядағы жалғыз қала болды.
Америкалық супержұлдыз Дженнифер Лопес Up All Night әлемдік турнесі аясында алғаш рет Қазақстанның астанасында өнер көрсетеді. Концерт 1 тамызда елордалық «Astana Arena» спорт кешенінің сахнасында өтеді.
Әлемдік жұлдыздың алдағы концерті Қазақстанда бұрын-соңды болмаған дүрбелең тудырды. Билеттер 11 сәуір, жұма күні сатылымға шықты. Сайт сатылым басталардан бес минут бұрын істен шықты.
Оны қалпына келтіргеннен кейін билеттер бірнеше сағаттың ішінде сатылып кетті. Билеттің құны 40 мыңнан 150 мың теңгеге дейін болды.