Алматыда полиция ұстаған ер адамдардың сөмкесінен есірткі тәрізді зат табылды
Жолда келе жатқан көлік жүргізушісінің күмән тудырған әрекеті «Буран-811» патрульдік полиция экипажының назарын аударған
Алматы қаласының Түрксіб ауданында патрульдік полиция қызметкерлері күдік тудырған автокөлікті тоқтатып, тексеру барысында заңсыз заттарды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Бөкейханов көшесінің бойында болған. Жолда келе жатқан көлік жүргізушісінің күмән тудырған әрекеті «Буран-811» патрульдік полиция экипажының назарын аударған. Тәртіп сақшылары көліктегі ер адамдарды тексеруге шешім қабылдаған. Тексеру барысында жолаушылардың бірі сөмкесінен жеке заттарын шығарып жатқанда, ішіне есірткі салынуы мүмкін бірнеше шағын қаптама жерге түсіп кеткен. Көлік жүргізушісі мен жолаушы сөмкенің өздеріне тиесілі емес екенін, оны бірге келген танысы ұмытып кеткенін айтқан. Полиция қызметкерлері бұл нұсқаны да мұқият тексеретінін мәлімдеді.
Оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы шақырылды.
Анықталған шағын орамалар белгіленген тәртіппен тәркіленіп, сот-химиялық сараптамаға жіберілді.
Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы, тәркіленген заттардың нақты құрамы және оның кімге тиесілі екені анықталып жатыр.