Гранаталар мен шолақ мылтық: Алматыда полицейлер жасырын қойманы анықтады

Жасырын орыннан қару-жарақ, гранаталар мен түрлі калибрдегі оқ-дәрілер табылды. Полиция қылмыстық іс қозғады

Гранаталар мен шолақ мылтық: Алматыда полицейлер жасырын қойманы анықтады
Фото: Алматы ПД

Алматыда Астраханская көшесіндегі үйлердің бірінің жанынан қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орын табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жасырын орын жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақта «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған. Тексеру барысында кесілген мылтыққа айналдырылған ТОЗ-25 қаруы, тапаншаға ұқсас зат және әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер табылды.

Полицияның мәліметінше, жасырылған заттардың арасында жарық-дыбыс гранаталары мен қауіп төндіруі мүмкін басқа да бұйымдар болған. Барлық табылған зат тәркіленіп, сараптамаға жіберілді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тәртіп сақшылары қарудың кімге тиесілі екенін, қайдан алынғанын және оны кімнің жасырғанын анықтап жатыр.