Елордада Қарағанды облысының креативті жәрмеңкесі ашылды
Ауқымды шарада өңірдің 80 шығармашылық өкілі өздерінің авторлық туындыларын елордалықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынды
Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Қарағанды облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ауқымды шарада өңірдің 80 шығармашылық өкілі мен қолөнер шеберлері өздерінің авторлық туындыларын елордалықтар мен қала қонақтарының назарына ұсынды.
Жәрмеңке аясында келушілерге арналған бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Көрмеде кескіндеме туындылары, зергерлік бұйымдар, дизайнерлік киімдер, авторлық кілемдер, керамика және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары ұсынылған. Сондай-ақ инклюзивті шығармашылық туындылары, ұлттық музыкалық аспаптар мен ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз құрылғылар саласындағы стартап жобалар қойылған.
Келушілер авторлық бұйымдарды сатып алып қана қоймай, арнайы шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Жәрмеңкенің салтанатты бөлігінде белгілі суретші, қоғам қайраткері Қаріпбек Күйіковтің«Қайсар рух» және «Жизнь без рук» атты жаңа кітаптарының ресми таныстырылымы өтті.
Мерекелік бағдарлама аясында дизайнерлік киімдер көрсетілімі өтіп, Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әртістері өнер көрсетеді.
Мәдени-шығармашылық жәрмеңкенің бүгін соңғы күні өтіп жатыр. Жоба өңірлердегі креативті кәсіпкерлікті дамытуға және отандық өнімдерді кеңінен танытуға бағытталған.