$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев елді таңдандырған атыраулық 3 жасар баланы марапаттады

Ержан Хайрошевтің айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген

Тоқаев елді таңдандырған атыраулық 3 жасар баланы марапаттады
Фото: Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын іс-әрекетімен шаттандырған үш жасар Атырау тұрғыны Дінмұхамед Жұмажанның ата-анасына алғыс хат жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүлдіршіннің Ораза айт тойланған орынды жинастырып жүрген видеосы әлеуметтік желіде кең тараған еді.

Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше өңір басшысы Серік Шәпкенов үш жасар Дінмұхаммед Жұмажанмен және оның ата-анасымен жүздесті.

Серік Шәпкенов Дінмұхаммедтің тәрбиесі мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіне риза болып, рақметін айтты. Ол сондай-ақ Қазақстан Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Айбек Дәдебайдың Мемлекет басшысы атынан жолданған хатын табыстады.

«Кейде көп сөздің орнына бір ғана істің өзі жетіп жатады. Дінмұхаммед кішкентай ғана ойын баласы болса да, оның әрекеті көпке ой салды. Әлбетте, ол мұны бөгде біреуден көріп емес, өзінің отбасында тазалық пен тәртіптің мәнін түсініп өсіп келе жатқандықтан жасады. Бұл — тек тәрбиенің емес, нағыз отансүйгіштіктің үлгісі. Өз Отанына шын берілгендіктің белгісі. Осындай әрекеттер Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы уақытша іс-шара ғана емес, әр азаматтың өмір салты болуы қажеттігін көрсетеді. Кішкентай Дінмұхаммедтің жасағаны — тазалықты әркім өзінен бастауы керек деген үндеу», - деді Шәпкенов.

Дінмұхаммедтің әкесі Ержан Хайрошевтің айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген.

«Біз өзіміздің ықшамауданда Ораза айт мейрамын кең көлемде тойладық. Ұлымыздың әрекеті бүкіл елдің ықыласына бөленеді деп ойламадық. Оның тілі кеш шықты, сосын балабақшаға бердік. Сол жақтан үйренгені де бар шығар. Өз отбасымызда да тазалыққа мән береміз, сенбіліктерден қалмаймыз. Мен өз ұлымның елдің патриоты боп ер жеткенін қалаймын», - дейді ол.

Кейін облыс әкімі Дінмұхаммедке естелік сыйлықтар тапсырып, ата-анасына алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары