Алматыда есірткі сатып жүр деген күдікпен ерлі-зайыпты ұсталды
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды
Алматы қаласында есірткі сатып жүр деген күдікпен ерлі-зайыпты қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралардың нәтижесінде екі күдікті – ерлі-зайыптыларды ұстады, олар есірткіні заңсыз таратумен айналысқан.
Есірткі «Нұршашқан» шағын ауданында тәркіленді. Кейін тұрғын үйді тінту кезінде ұсталған адамдардан синтетикалық есірткі, орау материалдары, электронды таразылар мен криптоқұрылғылар табылды.
«Өкінішке қарай, бүгінде жастар, оның ішінде ерлі-зайыптылар есірткі таратуға көбірек тартылуда. Олар жасырын интернет-арналар арқылы ұйымдастырылған көлеңкелі нарықтың бір бөлігіне айналуда. Біз мұндай тізбектерді тоқтатуға және оларды жауапкершілікке тартуға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз», - деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы полиция полковнигі Мұрат Жұмабаев.
Спикердің айтуынша, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.