Қорғанамын деп адам өлтіріп қойған Жоламан Құсайын сол түні не болғанын өзі айтып берді
Жоламан пышақты көріп, қорқып кеткенін айтады

Абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін 4 жыл 6 айға сотталып, артынан апелляциялық сотта ақталып шыққан Жоламан Құсайын журналист Руслан Өтепбайға эксклюзивті сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, түнгі клубтың алдында досымен бірге тұрғанда марқұм жақындап келіп темекі сұраған. «Шекпейтін едік» деген соң кетіп қалған. 2-3 минуттан кейін қайтып келіп, Жоламанға боғауыз сөз айтқан. Сосын ерегес басталған.
«Бір кезде Сергей қолын қалтасына салды, бір нәрсе алғысы келіп тұрғанын түсіндім. Сол кезде пышағын алып шығып, маған сұғып алмақшы болды. Өзім де түсінбей қалдым, автоматты түрде қолымды қойып, ұстап қалдым. Сол мезетте бетімнен ұрып жіберді. Бір түрлі болып, түсінбей қалдым», - дейді Жоламан.
Жоламан пышақты көріп, қорқып кеткенін айтады. Кетіп қалайын десе, қарсыласы оған мүмкіндік бермеген.
«Кетейін десем, артымнан жүгіріп келе береді. Болмағаннан кейін, 6 соққыдай жасадым, соның үшеуі тиді. Бір кезде Сергей сұлап түсті, шошып кеттім. Тезірек кетіп қалайын деп ойладым. Бірақ сол жерде тұрдым. 10 минуттан кейін полиция бөліміне алып кетті», - дейді ол.