Атырауда бір топ адам қала тұрғынын аяусыз соққыға жықты (ВИДЕО)
Жәбірленуші көптеген дене жарақатын алған

Атырауда жантүршігерлік оқиға болды. Сәуірдің 5-іне қараған түні С.Сүлейман көшесінде алты ер адам 40 жастағы қала тұрғынын соққыға жыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Azh.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жәбірленуші көптеген дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген, оның бірнеше қабырғасы сынған. Жағдайы тұрақты және орташа ауыр деп бағалануда.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада ер адамды жерге құлағаннан кейін де ұрып-соғып жатқаны көрінеді. Оқиғаны кездейсоқ куә болған қыздар видеоға түсіріп алған.
Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жәбірленушінің арызы болмаса да, тергеу амалдары басталған. Кейіннен ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы - денсаулыққа ауырлығы орташа қасақана зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.