Астана тұрғыны Көкшетаудағы банкке бомба қойылғаны туралы хабарлаған
Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Астана тұрғыны Көкшетаудағы банкке бомба қойылғаны туралы жалған хабарлама берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 2025 жылғы 21 қаңтарда Көкшетауда банктердің бірінің Call-орталығының электрондық поштасына жарылғыш құрылғы салынғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері мен саперлер жетіп, олар ғимаратты мұқият тексергеннен кейін қауіпті заттарды таппады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті – Астана тұрғыны анықталды. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
«Ақмола облысының Полиция департаменті азаматтарға террористік актілер туралы көрінеу жалған хабарларға жол бермеу туралы еске салады. Мұндай әрекеттер қылмыс ретінде қарастырылады және ауыр құқықтық салдарға әкеледі.
Заңнамаға сәйкес, мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Сонымен қатар, кінәлі адамдар жедел қызметтердің келуіне және адамдарды эвакуациялауға байланысты материалдық залалды өтеуге міндетті болуы мүмкін», - делінген ПД хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін жаңа жылдық отырыстың ақшасын жұмсап қойған әйел адам мейрамханаға бомба қойылғаны туралы хабарлаймын деп сотталып кеткен болатын.