«Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» директоры пара алғаны үшін сотталды
Сот үкімі жарияланғанмен, сот актісі заңды күшіне енген жоқ

«Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» директоры 5 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикордың мәліметінше, осы жылдың 19 наурызында Алматы қаласының Медеу аудандық сотымен «Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» директоры Байсеркин Б., оның орынбасары Әбішев А. және «Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының» директоры Толемісова А. сотталды.
Байсеркин өзінің орынбасары Әбішевтің көмегімен кәсіпкер Төлемісовадан медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі консорциум шарты шеңберінде жұмыстар мен қызметтерді кедергісіз орындағаны үшін 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
«Сот үкімімен Байсеркин мен Әбішевке әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сол үкіммен Төлемісова аталған лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ», - делінген Антикор хабарламасында.