Алматы облысында қара халықтың 100 млн теңгесін үптеп кеткен күдіктілер ұсталды (ВИДЕО)
Қылмыстық схеманың үш ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды

Алматы облысында қара халықтың 100 млн теңгесін үптеп кеткен күдіктілер қолға түсті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Күдіктілер алаяқтық әрекетін Telegram мессенджері арқылы жасаған. ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен облыстық прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық схеманың үш ұйымдастырушысы мен алты дроппер анықталды.
«2024 жылғы желтоқсаннан бастап жетекші, өз атына немесе үшінші тұлғаларға банк карталарын ресімдеген 15-тен астам дроппер-тұлғадан тұратын желіні басқарған. Осы шоттар арқылы 100 миллион теңгеден астам сомаға 500-ден астам операция өтті. Әрбір транзакция үшін жетекші комиссияның 5 пайызын алып отырған, бұл оған 10 миллион теңгеден астам пайда әкелді», – деп атап өтті киберполицейлер.
Қылмыстық схеманың үш ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеру жүргізіліп жатыр.