Астанада түрмеде отырған күйеуіне мүшеқапқа есірткі салып өткізбек болған әйел ұсталды
Оның іш киімінен 200 грамм есірткі заты табылды

Астанада күйеуімен ұзақ уақытқа кездесуге келген әйел адам мүшеқапқа есірткі салып өтпек болған жерден ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, жұбайымен ұзақ кездесуге келген әйел 200 грамм есірткі затын мүшеқапқа буып-түйіп, іш киіміне жасырған.
«Әйелдің денесінде жасырылған орамды алу үшін медицина қызметкерінің көмегі қажет болды. Күдікті заттың нақты құрамы мен сипатын анықтау үшін дереу сараптамаға жіберілді. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды қадам жаппай бейнебақылауды енгізу болды», - делінген хабарламада.
Сотталғандардың туыстары мен таныстары тыйым салынған заттарды пенитенциарлық мекемелерге жеткізуге әрекет жасауды жалғастыруда. 2025 жылдың алғашқы үш айында жеткізу әрекеттерінің нәтижесінде мынандай заттар табылды:
- 136 ұялы телефон бірлігі,
- 7,623 кг есірткі заттары,
- 40,61 литр алкоголь,
- 393.590 теңге ақша қаражаты.
«ҚАЖ қызметкерлері іргелес аумақтарды қарауды және патрульдеуді белсенді жүргізуде. Осы кезеңде тыйым салынған заттарды беруге әрекеттенген 79 азамат ұсталды. Олардың ішінде 31 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 11 адамға қатысты есірткі құралдарын заңсыз дайындағаны, қайта өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және өткізгені үшін қылмыстық іс қозғалды.
Бұдан басқа, Атырау қаласының колониясына тыйым салынған заттарды жеткізу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланумен екі оқыс оқиға тіркелді.
Өздерінің заңсыз әрекеттерін іске асыру үшін сотталғандар жиі таныстарын, туыстарын, сондай-ақ қоғамдық қорғаушылар мен адвокаттарды тартады», - деп хабарлайды ведомство.