Алматы облысында жыл басынан бері 20 адам із-түзсіз жоғалып кеткен
Облыстық ПД мәліметінше, жоғалған 20 адамның 14-і табылған

Алматыда жыл басынан бері 20 адам із-түзсіз жоғалып кеткені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, жоғалған 20 адамның 14-і табылған.
Алматы облысының полицейлері Талғар ауданында тұрған және бұған дейін із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілген 22 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын тапты. Жас жігіт Алматы қаласындағы ойын клубтарының бірінде анықталып, туыстарына тапсырылды.
Полицияның мәліметінше, бұл – оның үйден бірінші рет кетуі емес. Құқық қорғау органдары жақындарына қырағылық танытып, адам із-түзсіз жоғалған жағдайда ішкі істер органдарына дер кезінде хабар беру маңызды екенін ескертті.
«Жалпы, жыл басынан бері өңірде 20 азамат із-түзсіз жоғалды деп іздеуге жарияланды. Полицейлердің жедел жұмысының арқасында олардың 14-і табылып, отбасыларына қайтарылды. Қалған азаматтар бойынша іздестіру шаралары жалғасып жатыр», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жоғалған жақындары туралы дереу хабарлауға шақырады, өйткені жоғалғаннан кейінгі алғашқы сағаттарда табу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары.