$ 504.44  545.65  5.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Орманда жеркепе қазып, ұрланған малдың етін мүшелеп тұрған жерінен ұсталған: СҚО-да ұры 7 жылға сотталып кетті

Үкім заңды күшіне енді

Орманда жеркепе қазып, ұрланған малдың етін мүшелеп тұрған жерінен ұсталған: СҚО-да ұры 7 жылға сотталып кетті
Фото: Polisia.kz

Өткен жылдың желтоқсан айында М.Жұмабаев ауданының 48 жастағы тұрғыны орман ішінен жеркепе қазып, сонда жасырынып, сол жерде ұрланған малдың етін жасырған. Полицейлер ұрланған жылқының ізімен жүріп отырып, ер адамды орман ішінде малдың етін мүшелеп жатқан жерінде ұстады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамовтың айтуынша, қылмыскер бұрын екі пәтер ұрлығы үшін сотталған.

Бір жағдайда бос тұрған үйден приставкасы бар спутниктік антеннаны, кілемдер мен төсеніштерді алып кеткен. Антеннаны екі бөтелке араққа сатқан, қалғанын өткізе алмаған соң лақтырып жіберген.

Екінші үйден азық-түлік, телефон мен планшетті ұрлаған. Телефонды сата алмаған соң өзіне қалдырып, ал планшетті жоғалтқан.

Кейін ол бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға кесілген соң, пробация қызметінде тіркелмеген. Тіпті бұған дейінгі тонаған үйге қайтадан кірген. Қажетті көлемдегі азық-түлікті алып кетіп, Булаево-Молодогвардейское автожолының маңындағы қалың орманда жеркепе қазып алған. Жайлы болу үшін ішіне пеш те салып үлгерген. Онысымен қоймай, ауылдардың біріндегі өзі жұмыс істеген үйге баруды ойластырған. Үй маңын, тіршілікті жақсы білетін қылмыскер үйретілген айғырды, ер-тоқым, жүген мен пиманы алып кеткен.

Полиция полковнигі Мейрамов атап өткендей, бұл уақытта аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері қылмыскердің кім екенін түсінген. Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары сотқа жіберілді, сот ер адамды кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары