СҚО-да су басу қаупі бар аумақтарды енді дрондар бақылайды
Облысқа төтенше жағдайлар министрі барып қайтты

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны қаупін бақылау мақсатында дрондар қолданыла бастады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің жұмыс сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр СҚО әкімдігі жанындағы жаңа ситуациялық орталыққа барып, онда су тасқынын мониторингтеу жүйесінің іске қосылғанына куә болды. Сегіз дрон енді тәулік бойы су басу қаупі бар негізгі аумақтарды бақылайды.
«Министр Петропавл қаласындағы Подгора шағын ауданындағы Ущев бөгетін тексерді. Бұл нысан қала инфрақұрылымы мен тұрғын үйлерді су тасқынынан қорғауға арналған. Ол сондай-ақ Қызылжар ауданындағы жұмыстармен танысты. Мұнда Қарағанды мен Алматы облыстарынан келген әскери бөлімдер жағалауларды нығайту үшін полипропилен жабындар мен құм салынған қаптарды орналастырып жатыр», — делінген хабарламада.
СҚО-да су тасқынына қарсы 47 км қорғаныс бөгеті салынды, 41 км нығайтылды; 108 су өткізу құбыры мен тюбинг орнатылды;10 км су бұру арналары тереңдетілді, 4 км кіші өзен арналары тазартылды; 214 км нөсерлі кәріз жүйесі тазартылып, жөнделді; Мұз кептелістерін болдырмау үшін жарылыс жұмыстары жүргізілуде.