$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан құрамасы Черчесов кеткеннен кейінгі алғашқы ресми ойынында-ақ гол соқты

Черчесовтің тұсында Қазақстан құрамасы 15 гол жіберіп, қарсыластарына бірде бір гол соға алмады

Қазақстан құрамасы Черчесов кеткеннен кейінгі алғашқы ресми ойынында-ақ гол соқты
Фото: ҚФФ баспасөз қызметі

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылы өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде сырт алаңда Уэльс құрамасымен кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Дегенмен, Қазақстан құрамасы ұзақ уақыттық үзілістен кейін қарсылас қақпасына алғаш рет гол салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесудің 9-минутында Дэниел Джеймс есеп ашса, 32-минутта Асхат Тағыберген пенальтиден есепті теңестірді. Ал екінші таймда алаң иелері екі бірдей жауапсыз гол соқты. Алдымен 47-минутта Бен Дэвис өз құрамасын алға шығарса, 90+1-минутта алаңға тыңнан шыққан Рабби Матондо ойынның нүктесін қойды.

Қазақстан құрамасы сапынан жас талант Дастан Сәтбаев алаңға шығып, тарихи рекорд орнатты. Ол құрама сапында дебюттік ойынын өткізген ең жас ойыншы атанды. Отандасымыз 16 жас 7 ай 8 күн болғанда дебют жасады. Ал осыған дейінгі рекорда 17 жасында алғашқы ойынын өткізген Жамбыл Көкеевке тиесілі болатын.

Бұл матчта бір қуанарлығы, ұлттық құрама ресейлік бапкер Станислав Черчесов кеткеннен кейінгі алғашқы ресми ойынында-ақ қарсылас қақпасына гол соғып үлгерді.

Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында ұлттық құрама тізгінін Станислав Черчесов алғаннан кейін отандастарымыз 6 матч өткізіп, ешқайсысында жеңіске жеткен жоқ. Тіпті, қарсыластарына бірде бір гол соға алмады. Ал осы аралықта отандастарымыз өз қақпасына 15 гол жіберіп алды.

Черчесовтің тұсындағы ұлттық құраманың ойындары:

  • Қазақстан 0:0 Норвегия;
  • Словения 3:0 Қазақстан. Голдар: Беньямин Шешко 23, 28, 63;
  • Аустрия 4:0 Қазақстан. Голдар: Кристоф Баумгартнер 10, Филипп Линхарт 53, Марсель Забитцер 56, Маттиас Зайдль 79;
  • Қазақстан 0:1 Словения. Гол: Ян Млакар 55;
  • Қазақстан 0:2 Аустрия. Голдар: Кристорф Баумгартнер 15, Михаэль Григорич 25.
  • Норвегия 5:0 Қазақстан. Голдар: Эрлинг Холланд 23, 37, 71; Александр Серлот 41, Антонио Нуса 76;

Осындай нәтижеден кейін Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында В дивизионынан С-ға түсіп қалды.

Команданың бас бапкері Станислав Черчесов 2025 жылдың басында қызметінен қуылып, орнына қазақстандық Әли Әлиев тағайындалды.

Жаңа бапкердің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы оқу-жаттығу барысында екі жолдастық кездесу өткізіп, біреуінде тең түсті, ал екіншісінде есе жіберіп қойды. Олар:

  • Қазақстан 0:0 Локоматив Ташкент;
  • Қазақстан 0:2 Солтүстік Корея. Голдар: Ри Иль-сон 70, 90+5.
Серіктес жаңалықтары